Бұл- Апельсин салоны. Сырттай қарағанда кәдуілгі көп салонның бірі дерсіз. Бірақ олай емес. Мұнда ерекше күтімді қажет етсе де қоғаммен емін-еркін араласқысы келетін жандар еңбек етеді. Олар адамдарға қызмет етуді өздеріне берілген зор мүмкіндік деп санайды. Салон 17 шағынауданда 18/2 үйінде орналасқан. Мұнда қызмет көрсету бағалары да өте төмен. Өйткені қымбат баға айтуға жасқанады. «Себебі бізге әрбір тұтынушының көңілі қымбат»,- дейді олар. Mangystaumedia.kz сайты қаламыздағы жалғыз мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет ететін салонға барып, жай-жапсар сұрап, олармен сұхбаттасты.
Салонның негізін салған - Құралай Байғалиева. Ол 1966 жылы Атырау облысында туған. Жаңаөзенде орта мектепті тәмамдағаннан соң, кәсіптік білім алып, шаштараз мамандығында оқиды. Ол өзінің осы кәсібін өмірінің соңына дейін жалғастырды. Қаламызға келген әншілерге де түрлі шаш үлгілерін жасап, өз саласының майталман шебері бола білді. Қоғам өміріне де белсенді араласып, қала әкімдігі тарапынан алғыс хаттарға ие болды. 2022 жылы «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Алайда жүрегі мейірімге толы жан 2023 жылдың 11 қаңтарында мәңгілікке көз жұмды.
Құралай Байғалиева 2021 жылы «Апельсин» салонын ашып, қызметкерлерді түгелдей ерекше жандардан құрады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды шаш қию өнеріне оқытып, баулыды. Олар өздерінің қабілет, бейімдеріне қарай бірі массаж үйренсе, бірі тырнақ әсемдеу, бірі косметолог, бірі бет әрлеу секілді қызмет түрлеріне машықтанды. Оларға арнайы мамандарды шақыртып, шеберлік сыныптарын өткізді. Осылайша ұжым саны 20- ға жетті. Қазір бұл мамандар қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге дайын.
Бұл - Ізбергенов Бақытжан есімді массаж жасау маманы. 39 жаста. Жанұялы, 5 баласы бар. Туылғанан көз жанары 10 пайызға ғана көретіндіктен 2 топ мүгедегі. Құралай ханыммен бірлесе жұмыс істеп келе жатқанына - 2 жыл. Нүктелі массаж, от массажы, классикалық массаж секілді массаж түрлерін жасайды. Бақытжан өз саласын жете меңгерген.
- Ол кісі бізге алға мақсат қоюды үйретті. «Сіздер Алланың ерекше жаратқан адамысыздар. Өздеріңді төмен санамаңдар. Сіздердің денсаулықтарыңыз өзгелермен бірдей болмаса да саналарыңыз, еңбексүйгіш қасиеттеріңіз, төзімділіктеріңіз кейбір адамдардан әлдеқайда артық. Сіздер қоғамда тең дәрежелі болуға тиіссіздер» деп бізді жігерлендіретін, - дейді ол басшысын еске алып.
Қазір салон жұмысын Құралай Байғалиеваның ұлы Данияр мен қызы Динара жалғастырмақшы болып қолға алуда. Алайда анамыздың өз қызметкерлеріне деген қамқорлығын, кәсіптегі қиындықтарды еңсере білуін, шығындарды ешкімге салмақ салмай өз күшімен жабатындығын енді түсініп жатырмыз дейді.
Анасы өз қарамағындағы ерекше жандарды еркелетіп, оларға ыстық ықыласын бөлетіндіктен, алғашқы қаралы хабар жеткен кезде салон қызметкерлері қатты қиналып, өздерін қоярға жер таппаған. Нәпақадан айрылу қорқынышы басым болып, өздеріне қамқоршы ниеттегі жаннан айрылғандықтары көңіл күйлерін түсірген. Алайда қала әкімдігі салонның жалға алу құнын 2 айға шегеріп беріп, дереу көмек қолдарын созған. Мүгедек жандардың ендігі арман –мақсаты - өз жұмыстарынан қол үзіп қалмау үшін, қоғаммен етене араласу мүмкіндігінен айырылмау жолында адамдардан қолдау күтеді.