Бүгінде әлеуметтік желілерде «Құлсары магистральды желілерінің үзілу қауіпі бар. Ол үзілсе барлық Маңғыстауға келіп отырған байланыс та үзілетін болады. Банкоматтар жұмыс жасамай қалу қауіпі бар. Сол себепті банк карточкаларыңыздағы ақшаларыңызды қолма-қол ақшаға аударып қойғаныңыз дұрыс. Клиенттердің пенсия пособияларын уақытылы толықтай табыстап тастаңыздар» деген ақпарат тарады. Бұл - жалған ақпарат, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
“Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Дархан Хұсынов бұл ақпаратты жоққа шығарды.
-Маңғыстау облысына келетін магистральдық желі жер асты кабелімен тартылған. Атырау облысындағы су басқан аймақтарда магистральдық желінің зақымдану ықтималдығы жоқ. Тиісті мамандар бұл желінің жұмысын жіті бақылауда ұстап отыр. Сондықтан жоғарыда көрсетілген ақпарат жалған. Байланыс желілерінде ақау орын алған жағдайда ресми ақпарат таратылады және уақытылы жөндеу қамтамасыз етіледі, - деді Дархан Хұсынов.