Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев Маңғыстауға жасаған жұмыс сапары аясында "МАЭК" ЖШС мен "Каспий" су тұшыту зауытына барды. Кездесуде қалалық, аудандық және облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесіп, өңірдегі ауыз су мәселесінің шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Іссапар аясында Сенат депутаты "МАЭК" ЖШС мұражайы мен кәсіпорынның ішін аралады. Бұдан бөлек МАЭК-тің жаңартылуына бөлінген қаражаттың нақты қандай құралдар алуға жұмсалатынымен танысты.
- МАЭК — Маңғыстаудың жүрегіне айналған кәсіпорын. Комбинаттың қазіргі жағдайымен танысып, өңірдегі ауыз су мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстармен таныстым. Ауыз су мәселесі тек Маңғыстаудың емес, ел масштабындағы мәселе деуге болады. Өңірдегі осы мәселені шешу үшін үкіметтен де, жергілікті бюджеттен де қаражат бөлінді. Ендігі уақытта қаражаттың қалай игеріліп, қандай жұмыстар атқарылатынын жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесіп, назарда ұстаймыз,- деді С. Алдашев.
Комбинат өкілдерінің айтуынша, қазір кәсіпорында 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық басталып, өңірдегі электр қуатына қатысты мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда.
- Энергокомбинат 1960 жылдары қолданысқа берілген. Бүгінде құрал-жабдығының 80%-ы тозып тұрғаны барлығымызға белгілі. Осы мақсатта өңір бюджетінен 2,6млрд тг бөлінсе, республикалық бюджеттен 4,9млрд тг беріледі. Қазір кәсіпорын тәулігіне 56 мың м3 ауыз су береді. Алдағы уақытта 24 мың м3 қосып, 70-80 мың м3 дейін жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта тиісті жұмыстар жасалып жатыр,- деді "МАЭК" ЖШС Бас директорының өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев.
Жұмыс сапары барысында Сенат депутаты "Каспий" су тұшыту зауытына да барды. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша модернизациядан өтіп жатқан кәсіпорынның жұмысын бақылап, алдағы жоспарлармен танысты.
- Қазіргі таңда кәсіпорынның қуаттылығын 40 мың м3 жеткізу үшін жұмыстар атқарылуда. Зауытты іске қосу қазан айына жоспарланып отыр. Бүгінге дейін қажетті құрал жабдықтар келіп, монтаждау жұмыстары қатар жүргізілуде. Осы нысан аясында 70 адам мен техника жұмылдырып, жалпы атқарылатын жұмыстың 80% орындалды. Дегенмен әлі де жетіспейтін, келуі тиіс құрал-жабдықтар бар,- деді зауыт басшысы Нұрлыбай Аққұлов.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, "Каспий" су тұшыту зауыты өндіретін судың 65%-ы Мұнайлы ауданына берілсе, қалған бөлігі – Қарақия ауданы мен жылы жағажайдағы туристік нысандарға және әуежай мен әскери қалашыққа жіберіледі.