«Амал — Алашқа орта мереке» мәдени-спорттық шарасы аясында келуші қонақтарға Отпан тарихи-мәдени кешеніндегі "Ақсарай» мұражай кешені таныстырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақсарай мұражайы 2010 жылы Бекет ата Мырзағұлұлының 250 жылдығына орай ашылған. Ғимарат 6 экспозициялық залдан тұрады.
Жалпы бұл мұражайда: «Кіріспе», «Ұлы дала данышпандары», «Ислам», «Өнер», «Конференция», «Нұрлы жол көшіндегі Маңғыстау», «Археология» сынды залдар бар.
- «Кіріспе» залында «Адай ата — Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің толықтай бас макеті салынған. «Ұлы дала данышпандары» залында қазақтың құрылуына ат салысқан қайраткерлері туралы айта кететін боламыз. «Ислам» залында Маңғыстау жеріндегі 362 әулие, жер асты мешіттері, діни сауаты мол ахун, ишандар жайлы ақпарат беріп өтеміз. Ал «Өнер» залында халқымыздың киіз үйі, Маңғыстаудан шығатын тастардан жасалған күмбез там, қима там, сағана тамдардың кішігірім сызба-сұлбасы топтастырылған. «Нұрлы жол көшіндегі Маңғыстау» залында Маңғыстауға адай руының қашан келіп, орналасқаны хақында толыққанды ақпарат беріледі, - деді «Адай ата — Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің таныстырушысы Сырым Дулат.
Кешеннің тарихына қызығып, мұражайға келушілердің де қарасы қалың болды.
- Мен Ақтөбе облысына қарасты Мортық ауданынан келіп тұрмын. Барша халқымызға тілейтінім «Ұлыстың ұлы күні» құтты болғай. Ақ мол болып, ел-жұртымызға құт-береке дарысын. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен егемендігіміз тұғырлы, мәңгілік болғай! Тыныштығымыз мызғымасын. Елімізді ішкі-сыртқы бәле-жәле, дау-дамайдан сақтасын. Өскелең ұрпағымыз саналы болып жетіле бергей!, - деді Аманжол Тұрғынбайұлы.