Ақтауда қала көшелерінің тазалығына жауапты «Компания Строй Инвест 2020» ЖШС қызметкері Тойдық Абдуллаева күніне үш шағынауданның көшелерін тазалайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
46 жастағы Тойдық Абдуллаева коммуналдық салада 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. 8 баланың анасы бүгінде 5 немере тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, тазалық әрбір тұрғынның өзінен басталады. Қоршаған ортаны таза ұстауды ол өз немерелеріне де үйретіп жүр.
- Таңертең ерте тұрамын. Себебі жұмыс сағат таңғы 8-де басталып кетеді. Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі өңірімізге келген қонақтар назарын бірінші қаланың тазалығына аударады. Ал оның тазалығы әр адамның өзінен басталады. Мен күніне үш шағын ауданның көшелерін тазалаймын. Өзімнің әріптестерімді, әйелдер мен қыз-келіншектерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, - деді Тойдық Абдуллаева.