Халықаралық әйелдер күні қарсаңында база командирі, 2-ші дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлының жетекшілігімен әскери теңізшілер Ұлы Отан соғысының ардагері, 96 жастағы Ольга Заривнякты арнайы құттықтады.
Соғыс кезінде ол небәрі 14 жаста болса да, партизандық қозғалысқа қатысып, өзін нағыз батыр ретінде көрсете білген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ольга Заривняк – табандылық пен батылдықтың жарқын үлгісі. Жауға қарсы тұруға белсене қатысқан. Ольга Заривняк бүгінде өзінің қайтпас рухы және жігерімен басқаларды шабыттандырып жүр.
Көктемнің жайдары күнінде ардагер матростар тарапынан ол осындай жағымды тосын сыйға ие болды. Мастростар ардагердің еркіндік пен бейбітшілік жолындағы ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс пен құрмет белгісі ретінде гүл шоқтары мен жеміс себетін сыйға тартты. Бұл шын жүректен жасалған сый адалдық пен қаһармандықтың үлгісіне деген алғыс пен құрметтің көрінісі болды.
Әскерилер тек сыйлықпен шектелмеді. Ардагердің үйі жанында Әскери-теңіз күштерінің әскери оркестрі тамаша музыкалық шығармаларды орындады. Музыка әуендері әскер музыканттарының өзіндік сыйы мен құттықтауына айналды.
«Бұл айтулы оқиға еліміздің тарихына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға қамқорлық көрсетудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Осындай батырларды еске алу, құрметтеу ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуы керек. Олар өз замандастарының жүрегі мен жадында мәңгілік сақталатын тәлімгер, үлгі-өнеге», - деп атап өтті Бауыржан Мұратұлы.
Мұндай бастамалар әскери қызметкерлердің ерен ерлігін ғана емес, олардың аға буынға деген ыстық ықыласын, ілтипатын, құрметін көрсетеді. Өткен дәуірлердің ерліктерін есте сақтау және осы құрмет пен ризашылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу маңызды.