Маңғыстау облысында шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау» бағдарламасы бойынша арнайы грант иеленіп, бүгінде шаруасын дөңгелетіп отырған жандар көп. Солардың бірі Мұнайлы ауданында тұратын Қобылай Балқыбек, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Екінші топ мүгедегі болғанына қарамастан ол қолөнер бұйымдарын жасап, қазір тұтынушылардың тапсырысын орындап отыр.
«Биыл мамыр айында құжат тапсырып, 1 380 000 теңге қаржы алдым. Оған Алматыдағы дүкендерден бірнеше станокты тапсырыспен жеткіздік. Қазір сол бойынша бесік, үстел секілді бұйымдарды жасаймын. Дайын заттар тапсырыс берушілер бірден табысталады», - дейді кәсіп иесі.
Оның сөзінше, бұл өнерді жас күнінен меңгерген. Жанына жақын кәсіппен әлі күнге айналысып отырғанын жеткізді.
«Бірнеше жыл бұрын қатты ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Содан кәсіптен қол үзіп, емделуге тура келді. Қазір дертімізге шипа дарып, жұмысымды қайта қолға алып отырмын. Күнімен цехта жұмыс істеймін. Дайын бұйымдарды әйелім сатады», - деді Қобылай Балқыбеков.
Жарымен бірге үш қыз тәрбиелеп отырған олар бүгінде аталған жұмысты отбасылық кәсіпке айналдырған. Соның нәтижесінде базардан арнайы орын алып, сауда орнында ағаш бұйымдарын сатып келеді.
«Қазір дені сау адамда ниет болса, істейтін жұмыс табылады. Ең бастысы оған ыждахаттылық пен жігер керек. Өзім жастайымнан еңбекке жақын болғандықтан қол қусырып отыра алмаймын. Сондықтан сүйікті ісіммен айналысу арқылы жаным жай табады. Қолөнер бұйымдарын жасаудың да жүгі ауыр. Оған қажетті материалдарды сатып алып, тұрмыста қажетті заттарды жасаймын», - дейді кәсіп иесі.
Қобылай Балқыбеков биыл алпыс жасқа аяқ басты. Қолөнерді жан-тәнімен сүйетін ол тапсырыс берушінің айтып отырғанын бірден ұғады. Әп-сәтте станокты іске қосып, тиісті бұйымды дайындауға барын салып кіріседі. Соған орай еңбегі де елеусіз қалған емес. Табыс табудан бөлек, тұтынушылардың ризашылығын алғашқы орынға қоятын ол елдің алғысын алу жаныңды марқайтады дейді.