Қазір күннің ыстық болуына байланысты «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары ерекше қорғалатын аумақтарға қолдан суару астауларын қойып, бұлақ көздерін ашып, тазалық жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшысы Мыңберген Қаратауовтың сөзінше, Қызылсай паркіне қарасты ерекше қорғалатын аумақтардағы кездесетін қызыл кітапқа енген аң-құстардың жағдайы жақсы. Өсімі де күн санап жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Сондай-ақ «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты ерекше қорғалатын аумақтарда фототұзақтар орнатылып, аң құстардың жәй-күйін білу мақсатында фото, видеоға түсіріліп, бақылау жұмыстары жүргізіліп отырады.
Нәтижесінде, ең басты байлықтарымыздың бірі Үстірт арқары мен қарақұйрық аңы төлдерімен фототұзаққа түсіп қалған. Ал құстардан ақ жапалақ, тілеміш, үкі, бүркіт, қоқиқаз, бірқазан секілді ерекше құстар көзге түскен. Жыртқыштардан қасқыр, шибөрі, түлкі, қарақұлақ, дала мысығы секілді аңдар фототұзаққа іліккен.
«Жұмыртқа басқан құстарымыздың ұясының жақын маңына фототұзақтар орнатылып, жәй-күйі бақыланды. Нәтижесінде өсіп-өнуі, қоректенуі барлығы ақпаратқа ілікті. Қазіргі таңда балапандары қанаттанып ұясынан ұшып кеткені анықталды. Үстірт арқары, қарақұйрық аңдары қозы лағымен бұлақ көздеріне және арнайы қолдан суару астауларына келген сәттері де фото, видеоға түсірілді», - дейді Мыңберген Қаратауов.