Ақтауда «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі кеңес отырысы өтті. Кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық және алдын алу шаралары, вейпинг, электронды темекімен күрес мәселесі сөз болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық ІІД өкілі полиция майоры Айбек Сырмановтың айтуынша, биыл 5 айда облыста кәмелетке толмағандармен жасалған 23 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткішті 2023 жылмен салыстырғанда 9 дерекке немесе +64,3% өскені байқалады.
- Нақтыласақ, Ақтау қаласында 10 қылмыс, Жаңаөзенде 2 қылмыс, Мұнайлы ауданында 7 қылмыс, Түпқарағанда 4 қылмыс болған. Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының себептері мен жағдайларын зерттеу барысында ата-аналардың балаларына бақылаудың болмауы, тиімді ұйымдастырылмаған бос уакыт, компьютерлік ойындарға деген құштарлық, отбасылық күйзеліс, толық емес отбасыдан шығуы, қолайсыз тұрмыстық орта, БАҚ әсері, құқықтық сауаттың төмендігі, достарының араңдатуы анықталып отыр, - дейді Маңғыстау облыстық ІІД өкілі полиция майоры Айбек Сырманов.
Сонымен қатар облыста ата-ананың қарауынсыз түнгі мезгілде жүретін жас қатары артқан. Ресми дерекке сүйенсек, биыл облыс бойынша 3000-ға жуық жас заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз көшеде немесе ойын-сауық орындарында болған. Бұл ретте полиция қызметкерлері заңды өкілінің әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Өңірде жасөспірімдер арасындағы суицид пен зорлық-зомбылық жағдайы да тиылмай тұр. Маңғыстау облыстық ІІД өкілі полиция майоры Айбек Сырмановтың сөзінше, биыл 5 айда жасөспірімдерге қатысты 47 қылмыс болса, оның ішінде 18 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілік бағытында тіркелген. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 345 бабына сәйкес (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) 17 қылмыс тіркеліп отыр.
Кеңес төрағасы Абзал Марат жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қоғам болып күресу қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол қала, аудандарда қоғам белсенділерінің, жауапты орган өкілдерінің қатысуымен жиі рейд ұйымдастыруды тоқтатпау керек екенін ескертті.
Жастар арасында өршіп тұрған мәселенің бірі - вейп пен электронды темекіге құмарлық. Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вейптерді сатуға, таратуға, елге әкелуге тыйым салды. Осы орайда кеңеске келген Маңғыстау облыстық ІІД өкілі полиция майоры Айбек Сырманов ҚР ҚК 301-1 бабы «Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұиыну жүйелерінің (вейп), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы» бойынша шара қатаңдатылғанын айтты.