Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасының қатысуымен Өнеркәсіп, құрылыс, инвестициялар және туризмді дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы «Облыста туризмді дамытудың жайы туралы» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2025-2027 жылдары облысымыздың туризм саласында 500 жұмыс орын құру арқылы жалпы сомасы 25 млрд.теңгеге 12 жоба іске асыру көзделген. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін бере отырып, туристердің қызығушылығын одан әрі арттырары сөзсіз.
Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және қоғамдық ұйым мүшелері, облыс тұрғындары қатысқан жиында туризм саласын дамытуға қатысты біршама ұсыныстар айтылды. «Сартас визит» орталығының басшысы Ербол Байжігітовтың айтуынша, туристік орындарға апаратын жолдар мен инженерлік желілер – туризм саласы дамуының негізгі катализаторы.
«Сартас визит» орталығы туристтердің барлық қажеттілігін (ақпарат орталығы, асхана, жатақхана) қамтамасыз етіп келеді. Біз әуелден бұқаралық туризмге бағытталғанбыз. Визит орталығы облысымыздың осы аймағында бүкіл турларды ұйымдастыратын мекемеге айналдырғымыз келеді. Осы мақсатта біз еліміздегі және әлемнің басқа елдеріндегі осындай жобалардың тәжірибесін зерттеп келеміз. Біз Еуропа елдеріне, Америка Құрама штаттарына бірнеше рет бардық. Географиялық аумағы, табиғаты тамаша жерлердің орталықтан шалғай орналасуы жағынан елімізге ең ұқсас мемлекет – АҚШ. Маңғыстау облысында бұқаралық туризмді дамыту үшін ең алдымен инженерлік, коммуникациялық, инфрақұрылымдық құрылысқа баса назар аударылуы қажет. Маңғыстауда республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы жақсы, алайда туристік орындарға апаратын жолдар жеткіліксіз. Мәселен, біздің визит орталығымыз 135 шақырымда орналасқан. Облыстық маңызы бар көлік жолы мен біздің нысанға дейінгі қашықтық 12 шақырымды құрайды. Осы 12 шақырым жол дамыған елдердегідей ыңғайлы автобуспен қатынауға мүмкіндік бермейді. Атақты Бозжыра шатқалында да осындай жағдай. Облыстық туризм басқармасына айтар ұсынысым, «Сартас визит» орталығын салғанымызға 2 жылдай уақыт болды. Алайда үкімет тарапынан электр желілерін алып келгенімен, ол әлі күнге қосылған жоқ. Қазіргі таңда генерациямен жұмыс істеп отырмыз. 2 жыл бойы құртқан қаржымыз, желіні тартуға кеткен ақшамен бірдей болды», - деді Ербол Байжігітов.
Маңғыстауда бүнігі күнген дейін туристік өнімдерді қалыптастырумен және ішкі туризммен айналысатын 17 туроператор 234 туристік маршруттар мен соқпақтарды қалыптастырды, демалыс күндеріне турлар жоспарланып, туристерді тарту бойынша іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Киікбай Ешмановтың сөзінше, туризм саласын дамыту үшін арнайы бағдарлама жасалуы қажет.
«Туризм саласын дамыту үшін облыстық туризм басқармасымен арнайы бағдарлама жасауымыз қажет. Бағдарламада инфрақұрылым мәселесі бар, баратын жолы мен суы бар, тіптен бөлінетін субцидиясына дейін таныстырылуы қажет деп есептеймін. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейтін болса, еш кәсіпкердің жұмысы алға баспайды. Кендірлі курорттық аймағын ғана емес, басқа да сұлу, көркем жерлерімізді дамытуға көңіл бөлуіміз қажет. Бозжыра аумағына қонақ үй саламыз дегенде, ел болып шулап, салғызбаған едік. Қазір Бозжыра аумағы жабайы туризмнің құрбанына айналды. Маңғыстаудағы көрікті жерлерді конкурс ұйымдастырып, кәсіпкерлерге беруіміз қажет деп есептеймін. Кәсіпкерлер алмаса, жергілікті мұнай мекемелеріне өтініш жасап көрейік. Туризмді қолға алатын уақытымыз жетті деп есептеймін», - деді Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Киікбай Ешманов.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы сауда және туризм салалық кеңесінің үйлестірушісі Гүлнара Желдібаеваның сөзінше, Сауда және туризм салалық кеңесінің 2023 жылдағы отырыстар қорытындысы бойынша 12 негізгі мәселенің екеуі (17%) шешімін тапқан. 2 мәселе(17%) күн тәртібінен алынған. Ал 8 мәселе (66%) бойынша әлі жұмыс жүріп жатыр.
- Жағажайдағы бар дәретхананың өзі жабық тұрады. Бұл біздің өңірдің тұрмыстық тартымдылығын төмендетеді. Жағалаудағы 15 шағынаудандағы дәретхана қараусыз қалған күйде туристердің судағы қауіпсіздігі сақталмаған. Көліктік бақылау инспекциясында судағы көлік құралдары жоқ. Одан бөлек туристік полиция жоқ. Туризм саласында 7 қолдау шарасы бекітілді. Бірақ 2023 жылы өңірдің бизнесі үшін бұл шаралардың ешқайсысы пайдаланылмады, себебі комиссия кеш құрылды. 2024 жылы келіп түскен 4 өтінімнің ішінен туризм құрылысын субсидиялауға 277,2 млн теңге сомасына 3 өтінім мақұлданды. Алайда, туристік саланың бизнесі арасында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша хабарландыру мен түсіндіру жұмысы аз жүргізілетіні көтерілді, - дейді Гүлнара Желдібаева.