«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) басшылығы «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен және өкілдерімен дәстүрлі кездесу өткізді. Онда биылғы өндірістік және әлеуметтік-экономикалық жұмыстың қорытындылары шығарылып, еңбек жағдайына қатысты жиі көтерілетін мәселелер талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
"ҚазМұнайгаз" ҰҚ" АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасарлары Дәулетжан Хасанов және Диана Арысова, ҚМГ жауапты департаменттерінің директорлары, ӨМГ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай және оның орынбасарлары мен ӨМГ басқарушы директорлары қатысты.
Кәсіподақтар тарапынан кездесуге ӨМГ жұмысшыларының екі қоғамдық бірлестігі толық құрамда қатысты: ұйым төрағалары Бекқали Уақбаев пен Серік Бекбергенов бастаған «Өзенмұнайгаз жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» және «Жаңаөзен мұнайшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестіктері.
ҚМГ-нің кәсіподақтармен өткізетін дәстүрге айналған бұл кездесулері еңбек ұжымдарымен тұрақты әрі белсенді диалогты қолдауға мүмкіндік береді. Кездесуде тараптар жылдың өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын шығарып, еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек жағдайын, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өндірістік тәртіпті жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы пікір алмасты.
Кәсіподақ жетекшілері мен өкілдері ҚМГ-нің Маңғыстау облысы мен Қазақстанның батыс өңірлеріндегі ірі әлеуметтік жобаларына оң баға берді. Атап айтқанда, еліміздің батысында ауыз су тапшылығы мәселесін шешу үшін «ҚазМұнайГаз» биыл желтоқсан айында «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту жобасының бірінші кезеңін аяқтады, бұл жұмыс құбырдың су өткізу қуатын тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттырды.
Сонымен қатар, 2023 жылдың қыркүйегінде Кендірліде су тұщыту зауытының құрылысы басталды. Одан бөлек, ұлттық компания Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салуды қолға алды, оны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобалардың жүзеге асу кезеңі мен нысандар іске қосылған кезде ашылатын жаңа жұмыс орындары қаладағы әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді.
Қатысушылар сондай-ақ жұмыс ұжымдарының тарапынан жиі қойылатын сұрақтарды талқылады, олардың қатарында еңбекақы, мұнай кәсіпшілігінде қолданылатын жабдықтарды сатып алу және жаңарту, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, шаруашылық-тұрмыстық кешендерді салу, жөндеу және басқа да мәселелер бар.
Кездесу барысында Өзен кен орнын оңалту жобасына, оны іске асыру кезіндегі негізгі сын-тегеуріндер мен технологиялық қиындықтарға жеке тоқталды. Сонымен қатар, кездесуде «Өзенмұнайгаз» компаниясының өндірістік жоспары мен қаржылық қызметінің нәтижелері, сондай-ақ электр қуатымен жабдықтау мәселесінің өндірістік процеске әсері талданды.