© pixabay
2025 жылдың ақпан-наурыз айларында Каспийде круиз лайнері толыққанды жүре бастайды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ресейлік «Владимир Жириновский» (2024 жылдың басында атауы өзгертілген, бұрын «Ұлы Петр» деп аталған) круиз лайнерінің пайдалануға берілуі оң әсер етеді. Астрахан облысы мәдениет және туризм министрлігінің ақпараты бойынша «Лотос» Астрахан кеме жасау зауытында жасалып жатқан лайнер 2024 жылдың соңына дейін (қараша-желтоқсан) толығымен тапсырылып, қолданысқа берілуі керек. Лайнер «Судағы бес жұлдызды қонақ үй» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Пайдалануға беру актісін 2025 жылдың басында аламыз», — деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында лайнер Каспийде толыққанды жүре бастайды.
«Лайнердің болжамды кіру порттары: Астрахан (Ресей), Ақтау (Қазақстан), Түрікменбашы (Түрікменстан), Амирабад, Ноушехр, Энзели порты (Иран Ислам Республикасы), Баку (Әзербайжан Республикасы), Махачкала (Ресей). Жалпы, лайнерді пайдалану аясында «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ желісі бойынша тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лайнер елімізге келетін туристер ағынын арттыруға және туризм саласында қызмет көрсететін жергілікті компаниялардың одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді», — деді министрліктен.