Бұл туралы қала әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің қатысуымен өткен аппараттық жиында айтылды. Жиында бұдан басқа жаңа бизнес идеяларды қолдау, көрсетілетін тұрғын үй көмегі мен қызылшамен күрес тақырыптары талқыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылы «Ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында Өмірзақ ауылында 2 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды. Оның бірі жиһаз жасайтын цех болса, екіншісі жылқы өсіретін шаруашылық. Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр жыл сайын кәсіп ашамын деген адамдарға қолдау артып келе жатқандығын айтты.
- 2023 жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 19 кәсіпкерге қайтарымсыз гранттар берілді. Оның ішінде тамақ өндіру және аграрлық-өнеркәсіптік кешен-4 жоба, қызмет көрсету-5 жоба, сауда-5 жоба, спорт-1 жоба, денсаулық сақтау-3 жоба, білім беру-1 жоба. Ал 2022 жылы болса тек аграрлық-өнеркәсіптік кешен бойынша тек 1 грант берілген еді. Жалпы жаңа бизнес-идеяларды қолдау жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізіліп келеді, - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр.
Осы тұста қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев кәсіпкерлерді қолдаудың маңыздылығын айтып, өз кезегінде кәсіпкерлер де міндеттемелерін ұмытпау керектігін жеткізді. Әсіресе кәсіпкерлік нысандары тазалыққа мән беру керек екенін ескертті.
- Кәсіпкерлік нысандар өз тарапынан тазалыққа баса назар аудару керек. Қаладағы кез келген дүкен, кафелердің қоқыс контейнері болу керек. Соңғы кезде тұрғындардан, қоқыс шығарушы компаниялардан кәсіпкерлік нысандарына көп шағым түсуде. Яғни кәсіпкерлік нысандары қоқыстарын тұрғындардың қоқыс контейнеріне тастау дерегі тіркелуде. Бұлай болмайды. Кез-келген дүкен, кафенің жеке өздерінің қоқыс контейнері болу керек. Осы бағытта кәсіпкерлік және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Бұдан бөлек жиында жергілікті бюджеттен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) жеке тұрғын үйді ұстауға кеткен шығындарды өтеуге арналған тұрғын үй көмегі мәселесі қаралды. Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Хайрлиеваның айтуынша, 2023 жылы тұрғын үй көмегін 556 отбасы алған.
- Былтыр тұрғын үй көмегі 556 отбасыға коммуналдық төлемдерді төлеуге қаржы берілді. Соның ішінде 44 отбасы күрделі жөндеуге көмек көрсетілді. Үйді күрделі жөндеуге төлем 2012 жылдан бері шарт бойынша жеті жыл ішінде төленеді. Бүгінгі күні үйді күрделі жөндеуге 3 үй қалды. 21 көмек алушы бар(3-6, 3-61, 3а-20). Тұрғын үй көмегінің коммуналдық қызметке төленген орташа мөлшері -8791 теңге, күрделі жөндеу - 28174 теңге, - деді Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Хайрлиева.
Сондай-ақ, отырыста қызылшамен күрес шаралары талқыланды. Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Сымбат Жексенбайдың айтуынша, жыл басынан бері Ақтауда 132 қызылша ауруына күдікті жағдай тіркелді. Оның ішінде 123 жағдайы зертханалық расталған. Науқастардың ішінде 61,8% 14 жасқа дейінгі балалар. Қалғаны жасөспірімдер мен ересектер. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қызылшамен күресті жандандыруды тапсырды.