Қарақия ауданына қарасты Сенек, Бостан, Құланды ауылының орталық саябағында 14 наурыз Амал күніне орай «Амал келді, жыл келді!» атты мәдени-көпшілік шара өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға аудан әкімі Сымбат Төретаев, ауыл ардагерлері мен тұрғындары қатысты. Аудан басшысы Амал мерекесін тойлауға жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады.
- Амал мейрамы - тамырын тереңнен тартқан салтымыздың, еңсесі биік елдіктің, байламы сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бұл күні - құшақтар айқара ашылып, төс қағыстырып, алыс-жақындағы ағайын бір-бірімен көрісіп, өкпе-реніш кешірілетін, халық бір-біріне тілек тілейтін мерейлі күн. Елдігіміздің мерейі үстем, бірлігіміздің қамалы берік болғай! Әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін. Той- тойға ұлассын, Амал мерекесі құтты болсын, - деді аудан басшысы Сымбат Төретаев.
Мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздарының дайындаған дәстүрді дәріптеу бағытындағы қойылымдар сахналанып, әсем әндер шырқалды. Аламан бәйге, қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ ізгілік ілтипаты мол күнді жоғары деңгейде атап өтуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңына қарай ауылдағы жасы үлкендердің үйін аралап, көрісіп, аман - саулық алысып құрмет көрсетті. Көрсеткен ізеттеріне риза болған үлкендер бата беріп, ақ тілегін жеткізді.