Қарақия ауданындағы осыдан бірнеше жыл бұрын өз жұмысын тоқтатқан «ERSAI» ЖШС-і жұмыс бағытын өзгертіп, қайтадан ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Порттарды дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде «Құрық порты» ЖШС-ның құрамына кіретін «ERSAI» теңіз терминалы, Өзбекстан Республикасының «Талимаржан» жылу электр орталығына жаңа энергоблоктарды салумен айналысатын «AKSA Energy» компаниясына жобалық габариттік жүктері бар «Николай Псомади» және «Омский 105» атты алғашқы екі құрғақ жүк тасымалдағыштарын қабылдады.
Жүктің 1 бірлігінің максималды салмағы 300 тоннаға жетеді. Арнайы көліктерге қайта тиелгеннен кейін жүк белгіленген жерге дейін «Тәжен» шекара бекеті арқылы өтеді. Бұл жобаның жалпы тасымалдаушысы – «CJ ICM Logistics» компаниясы. Бұл жоба еліміздің осы бағыттағы транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта теңіз терминалы аумағының ұзындығы 1300 метрді құрайтын 7 айлақтан тұрады. Онда салмағы 1000 тоннаға дейінгі ірі габаритті жүктерді өңдеуге мүмкіндік беретін 25 бірлік жүк көтергіш қондырғы бар.
Терминал теміржол және автомобильге арналған кіреберіс жолдарымен қамтылған. Терминалдың аумағында персоналдардың тұруы мен жұмыс істеуіне толық жағдай жасалып, қосымша инфрақұрылымдармен (жатақханалар, кеңселер, асхана, спорт зал) қамтамасыз етілген.
«ERSAI» теңіз терминалын одан әрі дамыту және пайдалану Маңғыстау облысы мен Құрық портының көліктік әлеуетін айтарлықтай арттырады. Бұл өз кезегінде порт қызметтерінің ауқымын кеңейтіп, жүк айналымын көбейтуге және Қарақия ауданындағы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «ERSAI» теңіз терминалына аудан бойынша маусым айында 16 адам жұмысқа қабылданады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда 200-ге жуық аудан тұрғындары жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.