Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев абаттандыруға атсалысып, шағын архитектуралық формаларды өндіретін цехтың жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі кәсіпкерлер абаттандыруға қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын жергілікті өндірушілерді қолдағаны дұрыс екендігін айтты.
- Қаламызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаланы абаттандыруға қажетті орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар ойын алаңдарын жасайтын жергілікті өндірушілер бар. Қалада өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары жергілікті өндірушілерді қолдағаны дұрыс. Яғни олар өз аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыруға қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті өнім өндірушілерден алғаны жөн, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Өндіріс орнында 20 қызметкер жұмыс істейді. Олар ағашты өңдеп сырлағаннан кейін орындықтар, әткеншектер мен шағын архитектуралық формалар жасайды.
- Біз бұл жобаны былтыр бастаған болатынбыз. Негізгі мақсат - қаланы абаттандыру жұмысын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыру. Цехта 15 орындық, 20 әткеншек және балалар ойын алаңына қажетті жабдықтарды жасадық. Сонымен қатар, цехымызда 10 жерасты қоқыс жәшігін жасап шығардық. Ол үш контейнерден құралған. Бұл өз кезегінде тұрғын үй маңындағы тазалықты қамтамасыз етеді, - деді «Ақтау менің қалам» қорының директоры Данияр Сандыбаев.