Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев «Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинаты» мұражайының жұмысымен танысты, деп хабарлайды деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласының қалыптасуы «Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының» тарихымен тығыз байланысты. «Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының» еңбек даңқы мұражайы 1984 жылы ашылған. Қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев тарихи маңызы бар нысандарды дамытудың маңыздылығын айтты.
-Қала тарихы көрсетілген бірегей мұражайдың сақталуы «Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинаты» қызметкерлерінің арқасында екендігі айқын. Туристік қалаларда туристер ең алдымен тарихи маңызы бар нысандарға барады. Ақтауда біз байқай бермейтін бірегей орындар бар. Бұл - шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндік. Ақтау қаласының туристік әлеуетін шағын және орта бизнеспен бірлесіп дамыту қажет. Ол үшін тарихи маңызы бар нысандарды жаңғыртуға шаһардың туристік әлеуетін дамытуға дайын азаматтар мен демеушілерді тартуымыз керек, - деді қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
Мұражай қала тарихы бейнеленген көптеген экспонатпен толтырылған. Тарихи орында өндіріс макеттері, сирек кездесетін фотосуреттер және әртүрлі танымдық стендтер бар.
«Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының» мұражайы - Ақтау қаласының қалыптасуы мен дамуының айқын көрінісі. Мұндағы әрбір экспонаттың өз тарихы бар. Бұл жерде мұрағаттық материалдардан бөлек, өндірісте жұмыс істеген алдыңғы қатарлы қызметкерлердің портреттері сақталған, - деді «Ақтау машина жасау зауытының» әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Любовь Жданова.