Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында өнер мектебінің құрылысы басталды. Бұл туралы Түпқараған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Нұртай Мұхан мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Нұртай Мұханның айтуынша, салынып жатқан өнер мектебінің жалпы ауданы - 1,6 га. Пайдалануға берілген соң бірнеше маманды жұмыспен қамтуы тиіс ғимарат 400 орындық көрермен залынан тұрады. Аталған өнер мектебінде көрермен залынан бөлек, өзге де қосымша үйірмелер жұмыс істеп, жас балалар мен тұрғындарды өнер мен мәдениетке баулымақ.
- Форт-Шевченко қаласында өнер мектебінің құрылысын салу көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Мердігер мекеме қазіргі уақытқа арнайы техникаларын алып келіп, орналастыруда. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Одан бөлек биыл аудан орталығында өнімділігі тәулігіне 5000 кубтық теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы басталады және Сайын Шапағатов ауылдық округіне 160 орындық спорт кешенінің жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға берілді, - деді Нұртай Мұхан.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстары кезеңінде де бірнеше тұрғын жұмыспен қамтылады.