ҚР Ішкі Істер министрі Марат Ахметжанов Маңғыстау облысына іссапары кезінде елдегі қылмыс ахуалы жөнінде сұрақтарға жауап берді. Ішкі істер министрінің сөзінше, елімізде алаяқтық ұрлықтан кейін екінші орында тұрған қылмыс, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Марат Ахметжанов елде алаяқ көбейгенін растап отыр. Өйткені құзырлы органға арызданушы қатары көп. Кейбірі сотқа жіберілсе, кейбірі әлі тергеліп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы сауда жасап, өз жарнамасында көрсетілген қызметін орындамайтындарға жауапкершілік жүктелетінін ескертеді. Сондай-ақ министр мессенджерлер арқылы тауар сатып отырғандардың міндетті түрде жеке кәсіпкерлігі болуы тиіс екенін айтады.
- Заңсыз кәсіпкерлік – ол қылмыс. Егер әрине ол салық тұтынушы ретінде тіркелмесе, салық төлемесе, ол кәсіпкер емес. Ол жалған кәсіпкер. Ал бірінші белгісі алаяқтық. Бірақ тіркелгендер де бар. бірақ та, алаяқтықтың басты белгісі не? Ол ешқашан мүмкіндігі жоқ сол беріп жатқан жарнамасын орындамау. Бұл қылмыс, мұны тіркейміз, сосын оған жауапкершілік бар. Егер аса ірі көлемде болса бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады. 10 жыл бас бостандығынан айырылады, - деді ҚР Ішкі Істер министрі Марат Ахметжанов.
Ал Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда департаментінің басшысы Рауан Мұқаев алып-сатумен айналысатындар тек ЖК ретінде тіркеліп қана қоймай, кассалық құрылғымен жұмыс істеуі тиіс дейді. Мессенджер арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлер де сатқан әр тауарын есепке алып, ол үшін салық төлеуге міндетті екенін айтады.
- Тапсырыс берген тауарын уақытында алмаған тұрғындардан арыз-шағым аз емес. Бұл жағдайда ескеру керек нәрсе – сатып алушы мен сатушының арасында қандай бір келісімшарт болуы тиіс. Егер сатушы келісімшартта көрсетілген уақыттан кешіктірсе немесе мүлде тауарды жеткізбесе біздің департаментке келіп арыз жазуға болады. Ал мессенджерлердегі топ арқылы тапсырыс беретін арзан тауар контрабанда болып есептелетінін анықтау полицияның құзырында, - дейді Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда департаментінің басшысы Рауан Мұқаев.