«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің мәліметіне сәйкес 16-21 желтоқсан аралығында елдің батыс бөлігінде циклон болады. Соның салдарынан ауа-райы күрт нашарлап, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында қалың қар жауып, екпінді жел мен қарлы боран күтіледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Көлік министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтановтың айтуынша, алдағы бірнеше тәулікте аймақта ауа-райы қолайсыздығынан жауын-шашын және ауа температурасының төмендеуінен көктайғақ болады деген болжам бар.
- Облыс тұрғындарынан аса қажет болмаса алыс сапарға шықпауын сұраймыз. Жолда жүрген жолаушылар мен көлік жүргізушілерін барынша сақтыққа шақырамыз. Арақашықтықты сақтап, көлік жылдамдығын асырмай жүргеніңіз өзінің және өзгенің өмірі үшін маңызды. Қарлы боран тұрған жол учаскелерінде көлікті жолдың жиегіне қалдырмауыңызды сұраймыз. Жақын жердегі елдімекенге аялдап, күннің ашылуын күткеніңіз дұрыс. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» бөлімшелері күшейтілген жұмыс режимінде жұмысын жалғастыруда. Кезекшілікке 500-ге жуық арнайы техника мен 700 жол мамандары жұмылдырылды, - деді Хамзат Сұлтанов.