Қалада судың жиі болмауына байланысты Ақтау тұрғындары үшін үйдегі су жылтқыш құрылғы (бойлер) басты қажеттілікке айналды деуге болады. Дегенмен оның да өз кедергілері жетерлік. Мәселен көпқабатты үйлердің тұрғындары крандағы су араласып, суық судың орнына қайнаған су ағып тұрғанын жиі айтуда. Осындай жағдайда не істеу керектігін және кімге хабарласу қажеттігін mangystaumedia.kz сайтының тілшілері анықтап көрді.
Мәселен 17ш/а-дағы "Caspyi Towers" ТҮК-інің 3, 4 және 5-ші үйлерінде бірдей осы мәселе туындады. Ал мұндағы 400-ге жуық тұрғын ТҮКШ бөлімі басшыларының 4 күн бойы жауапсыз отырғанын айтады.
– Суық судың орнына ыстық, лас су ағып тұр, әрі иісі де жағымсыз. Бұл көршілердің үйіндегі тетіктердің (клапандар), биде мен аристонның салдары емес. Бұл үйдің жертөлесінде немесе кәріз құдығындағы ақау деп ойлаймын. Өйткені осы жағдай көппәтерлі 3 үйде бірдей қайталанып отыр. Балаларымыз үш күннен бері ыстық, сасық су ішіп жүр! Қызмет көрсетуші мекеме болса әркімге бір сілтеп, біресе "КЖСА" мекемесіне, біресе басқаға хабарлас деп, мәселені шешпей отыр. Сонда бұл мәселені кім шеше алады?– деп жазады тұрғындар Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм чатында.
Тұрғындардың айтуынша, ауыз су мен ыстық су араласып қана қоймай, жағымсыз иіспен ағуда.
– Меніңше, су алғаш берілгенде осылай, яғни ыстық, әні сасық күйде беріледі. Су құбырлары ауысып кеткен сияқты. Өйткені иіс қана емес, таттың жағымсыз дәмі де бар. Тіпті жылу құбырынан ағатын судың дәміне ұқсайды!- деп қосты тұрғын.
– 17ш/а 3,4,5 үйлерде төрт күн бойы ауыз су орнына ыстық су ағады. «Ақжайық» тұрғын үй кешенінің маңында су құбырында ақау болып, әсерінен су тоқтатылды. Қазір суды қайта қосу мәселе болып отыр. КЖСА мамандарынан жауап беруін сұраймын!- деп жазды қала тұрғындарының бірі.
«Каспий жылу, су арнасы» МКК атап өткендей, суық пен ыстық судың араласу себебін тұрғын үй кешенінің пәтерлерінен іздеу керек.
- КЖСА теңгерімінде тұрған инженерлік желілер арқылы су араласып берілмейді. Біздің желілерде аралықтар(перемычка) жоқ, сондықтан мәселені пәтерлерден іздеу керек», - дейді «Каспий жылу, су арнасы» МКК директорының орынбасары Ислям Үсенов.
Ақтау тұрғын үй инспекциясы үйге қызмет көрсететін ПИК немесе МИБ қана сулардың бұлай ағу себебін анықтай алатынын айтады.
– Ең алдымен үйге қызмет көрсететін компанияға хабарласу керек. Қазандыққа тексеру тетігі (клапаны) орнатылмаған болуы мүмкін. Ал тексеруден кейін сантехник сізге нақты себебін анықтап айтады. Бірақ қандай себеп болса да, тұрғындар үйге техникалық қызмет көрсететін компанияға хабарласуы тиіс. Көп жағдайда тұрғындар сантехникті сырттан жалдап жатады, ал олар үйдің ішкі желілерін білмейді. Заң бойынша ПИК қызметкерлері қазандықты қалай қосу керектігін және бәрі қалай жұмыс істеуі керек екенін түсіндіруге міндетті. Олар тұрғындардың өтінішінен бас тарта алмайды»,- деп атап өтті Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының өкілдері.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда тұрғындардың қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдары мен ұсыныстары болса, алдымен ПИК-ке жолдау керектігі айтылған. Сервистік компания қаржылық және салық есебін жүргізеді және үйді ұстау бойынша барлық техникалық құжаттарды сақтайды. Ал пәтер иелері оларды кез келген сәтте сұрай алады. Ұйым өз міндеттерін орындамаса, тұрғындар сотқа жүгінуі керек.
Айта кетейік, Caspyi Towers тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін компаниямен байланысу мүмкін болмады.