Биыл Маңғыстау облысымында 8086 оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың 152-сі «Алтын белгіге», 531-і «Үздік аттестатқа» үміткер, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жалпы өңірдегі 188 мектепте 183 мыңға жуық оқушы кезекті оқу жылын табысты аяқтап отыр. Ал 19856 бүлдіршін 1-сыныпты аяқтады.
Бұл туралы аймақтың бас педагогі Динара Жұмашева мәлімдеді.
Сондай-ақ ол осы оқу жылында өңір оқушыларының білімге деген қызығушылығын арттыру, ғылымға баулу, қоғамда тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету, ақпараттық және коммуникативтік технологияларды ұтымды пайдалану, шығармашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар оң нәтиже көрсеткенін айтып отыр.
- Халықаралық деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсында және республикалық пән олимпиадасында 293 медальді қанжығасына байлаған оқушыларымыз облысымыз бен республикамыздың мәртебесін өсіріп, мерейін көтерді. Әрине, бұл жетістіктердің бәрі зейінді оқушыларымыз бен білікті ұстаздарымыздың ортақ жеңісі, қажырлы еңбегінің нәтижесі екені анық, - деді МО білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
Білім басқармасының басшысы оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі.
Құрметті ата-аналар! Ұл-қыздарыңыз үкілі үміттеріңізді ақтасын, балаларымыздың жазғы демалысы қызықты да пайдалы өтсін деймін! Қымбатты түлектер! Алда сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыруға үлес қосады деп сенемін, - деді Динара Жұмашева.