Бейнеу ауданының әкімі мен мәслихат төрағасы Боранқұл ауылындағы эвакуациялық орындарға барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аудан әкімі Рақымжан Шалбаев құлсарылықтардың жағдайын біліп, қажеттіліктерін сұрады.
Әкімдік уақытша паналау орындарында уақытымен ыстық тамақ беріліп жатқанын мәлімдеді. Ал Боранқұл ауылының мұғалімдері эвакуацияланған балалардың көңілін көтеру үшін түрлі іс-шара ұйымдастырып жатыр.
Сондай-ақ, Боранқұл ауылында орталықтандырылған қойма жасақталған. Ауданға келген гуманитарлық көмек қоймаға жиналып, үлестіріледі. Ал белсенділер азық-түлік пен қажетті заттарды қоймадан эвакуациялық орындарға жеткізіп береді.
Айта кетейік, Жылыой ауданының 7371 тұрғыны Боранқұл ауылына эвакуацияланған. Олар мектептер мен мәдениет үйі, мешіт пен жеке кәсіпкерлік нысандарға және «Нобилис» ЖШС жатақханасына орналастырылған.