«№10 жалпы білім беретін мектеп» Құлсары қаласынан келген 47 адамды қабылдады. Келгендердің басым бөлігі әйелдер мен кішкентай балалар. Мектептің спорт залында 93 төсек дайындалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен әйелдер мен балалар келді, олардың арасында қарт адамдар мен жаңа туған нәрестелер бар. Әкімшілік бірінші кезекте келген халықты тамақтандыруды қолға алды. Мектеп ауласына үлкен киіз үй, қол жуғыштар, 2 үлкен қазан, самаурындар, ауыз су толы цистерна орнатылған. Зардап шеккендер барлық қажетті заттармен, яғни гигиеналық құралдар (сабын, сусабын, майлықтар), жаялықтар, ойыншықтар, ыдыс-аяқ, төсек-орын, төсек жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Тұрғындар үйде киіп жүрген киімдерімен шыққан. Сондықтан мектеп әкімшілігі киіммен қамтамасыз ету үшін облыстық жастар ресурстық орталығына өтініш жолдаған. Нақтыласақ, резеңке аяқ-киімдер, киім жууға арналған ыдыстар, кептіргіштер, кілем, қажетті киімдерді сұратқан.
Мектепте кезекші мұғалімдер кесте бойынша 24/7 жұмыс істеп жатыр. Балаларды онлайн оқытуға көшіру мәселесі қарастырылуда. Балалы әйелдер үшін бөлек тамақтандыру бөлмесі, гигиеналық процедураларды орындау және жалпы демалу бөлмесі қарастырылған.
Мектеп директоры Назира Ақбержанованың айтуынша, барлық жерден көмек келіп жатыр. 50-ден астам адам емханадағы дәрігерлерге қаралды. Балаларға арнайы педиатр шақырылды. Сондай-ақ зардап шеккендермен мектеп психологы жұмыс істеп жатыр. Эвакуацияланған адамдардың арасында агрессиві айқын әйелдер бар, кейбіреуі қорқады, кейбіреуі стресстік жағдайға байланысты депрессияда.