Маңғыстау ауданында "95 жылдыққа 95 игі іс"жобасы аясында "Шетпе-1" шағынауданы автокөлік жолын асфальттау жұмысы басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
6,89 шақырымдық ауылішілік автокөлік жолын салу «Аltynzhol Group» ЖШС мердігер мекемесінің жауапкершілігінде. Аталған жұмыстарға 320,024 млн. теңге жұмсалған.
Қазіргі таңда негізгі қабаты жасалып, автомобиль жолы бетіне асфальт төсеу жұмыстары басталды.
"Базарлыда" ұзындығы 7,65 шақырым жол кәріз құбырының кейбір жұмыстары аяқталғаннан кейін басталады. Ал "Ащыбұлақта" ұзындығы 18,2 шақырымға асфальт төсеу сол аумақтағы су құбыры жүргізілгеннен соң іске асады,- деді аудан әкімінің орынбасары Т. Қылаңов.
Айта кетейік, ауылішілік жолдың жағдайы әкімдердің есептік кездесуінде жиі қозғалып жүрген. Шетпе ауылы бойынша жолдың ұзындығы - 126 шақырым болса, оның 45 шақырымында асфальт жабындысы бар. Биыл жоғарыда айтылған Шетпе-1, Базарлы, Ащыбұлақ шағы аудандарын қосқанда 32,7 шақырым жолға асфальт төселеді.