Маңғыстау облысында 2024 жылдың алғашқы үш айында өндірісте 13 жазатайым оқиға болып, 2 жұмысшы қаза тапты. Ал 11 қызметкер ауыр жарақат алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысы Нұрбол Телегеновтің айтуынша биыл жұмыс барысында зардап шеккендер былтырғымен салыстырғанда 86 пайызға көбейген. Яғни 2023 жылдың алғашқы тоқсанында 7 жазатайым оқиға болып, 2 жұмысшы қайтыс болса, 5-еуі ауыр жарақат алған.
- Жыл сайын халықаралық еңбек ұйымы еңбек қауіпсіздігіне қатысты кез келген өзекті тақырыпқа ерекше назар аударады. Осы жылдың тақырыбы – «Климаттың өзгеруінің еңбекті қорғау мен денсаулыққа әсерін зерттеу». Бұл – климаттың еңбек жағдайлары мен жұмысшылардың денсаулығына әсерін қорғауды ұсынады. Еңбекті қорғау тақырыбы әрқашан өзекті, - деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысы Нұрбол Телегенов.
Дөңгелек үстел Маңғыстау облысындағы өндірістік компания өкілдері мен еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар қатысты. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов еңбек қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті.
- Халықаралық ұйым күрделі мәселеге үкімет пен барлық жұмыс берушінің назарын аудару үшін осы күнді белгіледі. Уақыт өткен сайын жаңа өндіріс пайда болып жатыр. Заманауи құрал-жабдықтар мен техниканың шығуына байланысты еңбек талаптары да өзгеріп жатыр. Жұмыс беруші тиісті еңбек қауіпсіздігін үйлестіру қажет. Ал үкімет өз тарапынан соған жағдай жасап, нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізіп отыруы керек. Бұл мәселе өте өзекті, - деді Қанат Құлжанов.