Бейнеу ауданының прокуратурасы аудандық білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында тексеру жүргізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Білім ошағындағы компьютерлік сыныпты тексеру барысында оқушыларға арналған компьютерлерде интернет желісіне кедергісіз қол жетімділігі бар екендігі анықталып отыр.
"Интернет браузерде іздеу жүйесінің мұрағатынан зиянды, соның ішінде букмекерлік кеңсенің парақшалары табылды. Компьютерлерде «Балалар сүзгісі» секілді, күдікті интернет-ресурстарды кілт сөздер арқылы автоматты түрде анықтау және бұғаттау бағдарламалары орнатылмаған. Анықталған заңдылықты бұзушылықтарды жою мақсатында облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне қадағалау актісі енгізілді", - деді Маңғыстау облысының прокуратурасының өкілдері.
Тексеру нәтижесінде білім беру мекемелерінің 24 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қауіпті интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді. Осы орайда 16 607 оқушының құқықтары қорғалғаны мәлім болды.