Алғыс айту күні қарсаңында Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев аудан ақсақалдарымен кездесті. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Азанов Шайхы, ауылдық кеңес төрағалары және аудандағы әр саланың ардагерлері жиналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Халқымыз қашан да үлкенін сыйлап, құрмет көрсеткен, бағыт-бағдар алған. Біз де осы жолдан таймай ақыл-кеңестеріңізді тыңдасақ деп жиналуды жөн көрдік», – деді Рахымжан Ысқақұлы.
Кездесу барысында аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстармен, алдағы жоспарымен бөлісті. Қордаланған мәселелерді, жолға қойылған мақсаттарды атап өтті. Коммуналдық салаға, кіреберіс жолдар мен ауылішілік мәселелерге, білім мен өнер жайына жеке-жеке тоқталды.
Ақсақалдар тарапынан жастарды өнегелі іске тарту, поэзия кешін ұйымдастыру, жыр мектебін қалыптастыру, ауылға медицина мамандарын тарту, аудан көшелеріне атау орналастыру сынды бірқатар орынды ұсынысты айтты. Алдағы бастамаларға қолдау көрсететінін тілге тиек етті.
Жиында ардагер Оңғарбай Дәулетбайұлы ақсақалдарға жеке кітабын тарту етті. Аудан әкімі барша ардагерге ауданның даму жолындағы кеңесшісі болып, әлеуметтік-қоғамдық шараларда белсенділік көрсетіп келе жатқандары үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауған соғысы ардагері Азанов Шайхы Жаңабайұлына облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаевтың «Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл» мерекелік төсбелгісін тақты. Жиын соңы өнерпаздардың ән-күйіне жалғасты.