Бүгін «Маңғыстау-Медиа» ЖШС ұжымы белгілі фотограф, қырық жылға жуық журналистика саласында еңбек еткен ардагер Талант Құсайынды құрметті зейнет демалысына шығарып салды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шара барасында «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішева Талант Құсайынға атқарған ерен еңбегі үшін алғыс білдіріп, редакция жұмысына саналы ғұмырын арнап, қосқан үлесі үшін ұжым атынан сый-сыяпатыы тапсырды.
«Сіздің ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегіңізді оқырмандар жақсы біледі. Ұжымда сыйлы, өз мамандығына адал журналист ретінде өзіңізді әрдайым құрмет тұтамыз. Өңірдің фотожурналистикасында алатын орныңыз ерекше. Атқарған еңбегіңіз үшін әрдайым алғыс айтамыз. Ұжым есігі әрдайым сізге айқара ашық», - деді Г.Әбішева.
Бұдан бөлек «Маңғыстау-Медиа» ұжымы ардагер журналистке алғыс білдіріп, әріптестік ізетін жеткізді. Биыл «Маңғыстау» газетіне 50 жыл толуына орай Талант Құсайынға Ақпарат және қоғамдық даму министрінің шешімімен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі берілген еді. Ол өңірдің фотошежіресін жасауда елеулі еңбек атқара білді.
Оның таспасына ілінген суреттер өңірлік басылымдардан бөлек, республикалық БАҚ беттерінде жиі жарияланып жүр.