Басқұдық ауылының тұрғындары қар еріп, жаңбыр жауса батпаққа батып әбігерге түседі. Тізеге дейін жететін балшық кешіп жүрген халық тездетіп жол салуды сұрайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл тұрғыны Саламаттың айтуынша Басқұдықтағы көшелердің көбінде осындай жағдай. Басқа да тұрғындар балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес деп шағым айтты. Балалардың сабаққа қатынауы қиын болып тұр дейді олар.
- 16-мектепке баратын жолдың балшығы тізеге дейін жетеді. Балалардың осылай қиналып сабаққа барып жүргеніне ешкімнің жаны ашымайды. Жаңбыр жауса үнемі осындай жағдай. Масқара ғой, - деді Басқұдық ауылының тұрғыны Саламат.
Ал әкімдік халықты батпақтан шығаруға асықпайтын сыңайлы.
- Болашақ тұрғын үй массиві Әділет көшесінен, Жаңа қоныс тұрғын үй массиві Інжу көшесіне дейін жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын жол (№16 мектепке дейін) құрылысы басталды. Қазіргі таңда қиыршық тас пен құмның қоспасын (ШПГС) төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқан еді. Дегенмен, ауа-райының қолайсыздығына байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта асфальттың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жалғасын табады. Жол құрылысын мердігер мекеме «Жол құрылыс» ЖШС жүргізеді, - деп мәлімдеді Мұнайлы ауданының әкімдігі.
Сондай-ақ әкімдік келесі жылы Басқұдық ауылдық округі аумағына 53,6 шақырым жолды асфальттау бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатқанын хабарлады.
Махаббат Нұржанқызы