19 желтоқсан күні Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 14 шағынаудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шағынаудандағы №30 үйде тұратындар күні кеше облыс әкімдігіне барып, шағымданған болатын. Тұрғындардың айтуынша, аталған үйге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативі дұрыс жұмыс істемейді.
- Тіпті жылу жоқ деуге де болады. Үйге қызмет көрсететін «РЭП» ЖШС-не телефон шалсақ, жауап бермейді. Жылу мардымсыз келсе де оған төлем шығарған. Оны түсіндірейін десек түсінбейді. Жылу мәселесін шешіп беруіңізді сұраймын, - деді тұрғын.
Қала әкімі жылуды реттеу бағытында тұрғын үйге «Автоматтандырылған жылу пункті» орнатылатанын жеткізді.
- Негізгі мәселе - тұрғын-үйдің жылу айналымы нашар. Жылу мәселесі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының тікелей бақылауында. Тұрғын-үйге жылу келіп тұрғанымен кейбір пәтерлерде жылу жетіспеушілігі туындаған жағдайда тұрғын-үйге қызмет көрсетуші мекеме тарапынан реттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл мәселені реттеу үшін «Автоматтандырылған жылу пункті» орнатылады. Оған дейін тұрғын-үйге қызмет көрсетуші мекеме жертөлені дайындап қоюы қажет. Сонымен қатар тұрғын-үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдері тұрғындармен кездесу өткізіп, жасалған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп беріңіздер, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Қала әкімі тұрғын үй жертөлесіндегі жылу торабын тексеріп, пәтерлердің ішіндегі батареяларды да қарады. Сондай-ақ тұрғындар қала әкімінен жылуға төлемді есептеу жүйесінде де түсінбеушілік туындағанын айтты. Айтуынша, аталған үйлерге қызмет көрсететін «РЭП» ЖШС пәтер иелері кооперативі жылуды реттемейді, одан қалса жылуға төлем жасамайтын анықтама да бермейді екен. Әкім бұл мәселе бойынша пәтер иелері кооперативімен арнайы акт толтырып, мәселені қарастыруға болатынын жеткізді.