Маңғыстау облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев пен облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев Түпқараған ауданында кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында балық шаруашылығындағы мәселелер талқыланып, кәсіптегі кедергілер айтылды.
Жиынға қатысқан ардагер балықшы, кәсіпкер Мир Жолдыбаев мемлекеттен берілетін қолдау жөнінде сұрады.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының өкілі Нұрсұлтан Сабыров балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жасалып жатқан шараларды мәлімдеді.
- Егер балық кәсібімен айналысатын кәсіпкер құрал-жабдық сатып алатын болса, шығынның 25 пайызы субсидиямен өтеледі. Былтыр үш кәсіпкерге 11 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Ал биыл 28 млн теңге субсидияға берілді, - деді ол.
Рашит Тұранұлы балық шаруашылындағы кәсіпкерлерге 5 млн теңге субсидия берудің мардымсыз екенін айтады. Сондай-ақ бұл салада мемлекет тарапынан грант беруді қолға алу керек ұсынды.
- Үкіметтен, жергілікті бюджеттен міндетті түрде қаражат бөлінуі керек. Балық шаруашылығын дамытамыз десек, мемлекеттен қолдау көп болу керек. Субсидияға 28 миллион теңге ғана бөлу деген ұят нәрсе. Балықшыларға ең әуелі құрал керек. Бұл кәсіпкерлерге 5 миллион теңге грант беру өте мардымсыз. Осы мәселені екі жылдан бері көтеріп келе жатырмын. Жеке кәсіпкер 25-75 миллион теңге арасында өз кәсібін аша алады. Әрі мұндай қаражатты субсидия емес, грант ретінде беру керек. Сәйкесінше қаражат құрал-жабдық үшін берілу қажет. Мұндай қолдау жасалмаса, бұл кәсіп ешқашан аяққа тұрмайды, - деді Рашит Тұранұлы.
Бұдан бөлек, балықшылардың базынасын жеткізген балықшылар ассоциациясының басшысы Данияр Әкімжанов кәсіпкерлердің жобасына кедергі болып тұрған басты мәселені қозғады.
- Балық өсіріп, айлақ немесе кішігірім зауыт салғысы келетін кәсіпкер көп. Бірақ олар бұл істі жүзеге асыру үшін Жайық-Каспий бассейндік инспекциясынан келісім алуға міндетті. Ал олар келісім бермей, бас тартады. Бұл бюрократиядан қашан құтыламыз? Осы мәселеге жауапты біздің өңірдің өзіне жеке инспекция жауапты болу керек деп ойлаймын, - деді балықшылар ассоциациясының басшысы Данияр Әкімжанов.
Облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев жиында айтылған ұсыныстарды қаперге алатынын, грант беру мәселесін депутаттармен бірлесе зерделейтінін жеткізді.