Тұрғындардан келіп түскен өтініштер мен хаттарға уақытылы және сапалы жауап беру жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Бахтияр Мақсатов осы ұстаныммен жұмыс істейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бахтияр Мақсатов 2021 жылы Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне статист болып жұмысқа орналасты. Осы бөлімде бас маманның міндетін атқарушы, бас маман, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бүгінде ол Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. Статисттен бөлім басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген маман бөлім тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
-Мемлекеттік қызмет жауапкершілік пен үлкен еңбекті талап етеді. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қаланың тазалығына, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына және балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын жөндеу мәселесін қадағалайды. Сондай-ақ, қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер мен хаттарға уақытылы және сапалы жауап беруді жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы орган мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі, - деді Бахтияр Мақсатов.