Бүгін Қарақияда жаңа жыл мерекесіне орай «Қош келдің, Жаңа жыл» атты аудан әкімінің шыршасы тойланды. Сондай-ақ Бейнеуде әртүрлі әлеуметтік топтағы оқушыларға арналған жаңа жылдық қайырымдылық шырша мерекесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қарақияда өткен мерекелік шыршаға көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 бала қатысты. Әр балаға сыйлықтар, тәттілер таратылып, ата-аналарының шотына 100 мың теңге көлемінде сыйақы аударылды.
Сондай-ақ аудан әкімі Сымбат Төретаев Қарақия аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне барып, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Ал Бейнеу ауданында мектеп жасындағы 120 балаға ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, мектеп директорлары, ата-аналар мен мен мұғалімдер қатысты. Барлық қатысушы балаларға арнайы сыйлықтар мен 100 000 теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Сонымен қатар балаларға арнап аудан орталығындағы «Лайк» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды.
Аудандарда өткен салтанатты жиында өнерпаздар ертегі кейіпкерлерінің кейпіне еніп, жыл басына таласқан жан-жануарлар туралы ертегіні көрермендер назарына ұсынды. Аяз ата мен Ақшақар балалардың өнерін тамашалап, сыйлықтарын таратты.