
Бейнеу ауданының тұрғыны Индира Шүйіншіәлиева ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Бейнеу ауданы бойынша шекара басқармасының "Бейнеу" (теміржолдық) шекаралық бақылау бөлімшесінің бақылаушысы болып қызмет атқарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индира Шүйіншіәлиева 1981 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Көкшетау қаласындағы Заң университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтап, бастапқыда Бейнеу орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарған.
Индираның әскери атағы — сержант. Ол 2007 жылдан бері шекара бақылау қызметінде жұмыс істеп келеді. Бөлімше Орталық Азиядан келетін теміржол көліктері мен жолаушыларды бақылауға алып, Қазақстан аумағына келуінің заңдылығын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл саланың мамандары темірдей тәртіп пен асқан жауапкершілік иелері екендігі белгілі. Әскери қызметіне қарамастан Индира жолдасы Ербол екеуі отбасында 6 бала тәрбиелеп отыр.
- Әскери сала, шекара қызметі өзіме ұнайды. Алайда кез келген саланың өзіне тән қызығы мен шыжығы болатыны рас. Әскери қызмет жұмыстан себепсіз қалу мен кешігуді кешірмейді. Әскери өмірдің тәттісі мен қаттысын тең сезіне жүріп, жолдасымның қолдауымен алты бала тәрбиелеп келеміз. Қазіргі таңда балаларымның алды студент, қалғандары мектеп жасында. Барлығы да өнерлі. Аудандық, облыстық өнер сайыстарына қатысып, лауреат атанып жүр. Ана ретінде де, азамат ретінде де перзент пен Отан алдындағы міндетімді адал атқарып келемін, - деді өз сөзінде Индира Шүйіншіәлиева.