«Біз адамдармыз, біз біргеміз» қорының жетекшісі Иманғазы Досмұхамбетовтің айтуынша, бұрын мұқтаж жандар тегін зат ала алатын әлеуметтік дүкен енді ақылы болады. Баға тауардың барлық түріне келісіне 700 теңге болып белгіленді.
Сатылымнан түскен қаражат жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетуге, сондай-ақ аса мұқтаж отбасыларға жер сатып алуға жұмсалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қор басшысы Иманғазы Досмұхамбетовтің айтуынша, дүкендегі әлеуметтік тауарларды ақылы қылу - заттарды тегін таратқанда болатын жанжал, төбелестің алдын алуға септігін тигізеді.
Оның айтуынша, тауарларды тегін таратқан кезде киім-кешек, азық-түлікке таласқан адамдар көп болған.
«Мұқтаждығы жоқ адамдар да тегін заттарды алуға келеді. Біздің әлеуметтік дүкеннен тегін алынған жаңа заттар кейін базарларда немесе әлеуметтік желілерде сатылымға шығатын фактілерді де анықтадық. Халық түсінуі қажет - қорды мемлекет қаржыландырмайды, біз тек қайырымдылықтан түскен қаражатты пайдаланамыз. Ал бұл қаржы жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетуге және аса мұқтаж отбасыларға жұмсалады», - деді қор басшысы.