210 балаға арналып салынған № 3 үшінші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2009 жылы ашылған. Қазір бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі, психоневрологиялық ауытқушылығы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, мүгедектер арбасына таңылған, қимыл-қозғалысы баяу 96 балаға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына психомоторлық дамуы кешеуілдеген, аутизм, дауна, ДЦП (бала жастан мидың дұрыс дамымауы) диагнозымен ауыратын балалар қабылданады.
Орталық 4 бөлімшеден тұрады. Бұлар – тұрақты, күндізгі, оңалту, өз-өзіне қызмет көрсету бөлімшелері. Тұрақты балаларға арналған бөлімшеде 18 ата-ана құқығынан айырылған балаларға қызмет көрсетіледі.
- Күндізгі бөлімшеге балалар орталықтың арнайы тасымал көлігімен таңертеңгі сағат 9:00-де келіп, кешкі 18:00-ге дейін ем-шараларын алып, оқу сабақтарына қатысады. Оңалту бөлімшесінде 1 жарым жастан 18 жасқа дейінгі шалғай ауыл, аудандардан келген балаларға 20 күн ауысыммен қызмет көрсетіледі,- дейді №3 үшінші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Дина Оразалықызы.
Орталық басшысының айтуынша, 2022 жылы орталықта «Өз-өзіне қызмет көрсету» бөлімшесі ашылған. Бұл бөлімшеде өзіне қызмет көрсетіп, қоғамға бейімделе алатын 18 жасқа толған балалар тәрбиеленеді. «Өз-өзіне қызмет көрсету» бөлімшесі ашылғалы бері орталықта тәрбиеленетін басқа балалардың «сол бөлімге ауыссам, жұмыс істесем, үй алсам» деген талпыныстары ояна бастаған.
- Тәрбиеленушілер денсаулықтарына, психикалық үйлесімділігіне, жынысына байланысты ұлдар, қыздар, ересектер тобы болып бөлек-бөлек тәрбиеленеді. Өз-өзіне қызмет көрсету бөлімінде 7 балаға қызмет көрсетіліп отыр. Оның төртеуі қоғамдық жұмыс істейді Ол балаларға ай сайын жалақылары түседі. Ал олардың жалақыларын біз Отбасы банкке аударып отырмыз. Болашақ мақсатымыз — осы ата-анасы жоқ 7 балаға үй алып беру.
18-ге толғаннан кейін ата-анасы жоқ балалар «Ересектер» орталығына ауысады, ал ата-анасы бар балалар үйлеріне қайтады, - дейді №3 үшінші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Дина Оразалықызы.
Қазір мектеп интернатында 134 қызметкер бар. Балалардың дене мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, оларды арнайы оқу бағдарламалары бойынша оқыту ұйымдастырылады. Орталықта 9 қызмет алушы оқумен қамтылған.
Атап айтар болсақ, №2 арнайы жалпы білім беру мектебінде 3 бала, №21 жалпы білім беру мектебінде 2 бала, №2 жалпы білім беру мектебінде 1 бала, облыстық арнайы мектеп интернатында 1 бала, оның ішінде 5 бала үйден оқыту бойынша білім алады. Бұдан бөлек, оқушы орталығы КММ-іне 10 қызмет алушы, «Тең қоғам» қоғамдық қоры үйірмесіне 7 қызмет алушы барады.
Сонымен қатар балаларға 6 мезгіл тамақ беріледі. Түске дейін дефектолог, логопед мамандары тиісті оқушылармен жұмыс істеп, емдік, дене шынықтыру, массаж қызметтерін көрсетеді. Сағат түскі 13:00-ден 16:00-ге дейін балалар тынығады. Ал 16:00-ден 18:00-ге дейін қалған ем-шара, оқыту жұмыстары жүргізіледі.
- Аптасына 2 мәрте төсек орындарын ауыстырамыз. Менің бір таң қалатыным, үйден ата-анасының тәрбиесіне бағынбай, ашушаң болып келген балалар мына ортаға тез бейімделеді. Олар қай уақытта тамаққа бару, ұйықтау, сабаққа бару керек екенін тез үйреніп алады. Тәрбие жұмыстарына тез бойұсынып, қалған балалармен достасып, бір-біріне қатты бауыр басып қалады, - дейді №3 үшінші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Дина Оразалықызы.
Орталық 1 сенсорлық, 2 дефектолог, 1 логопед, 3 психолог, 3 емдік дене шынықтыру, 2 массаж, 1 парафин арнайы медициналық бөлмелерімен жасақталған.
Орталық басшысының айтуынша, биыл мектеп интернат үйінің басшылығы жиһаз жабдықтарын алуды жоспарлап отыр. Балалар жәрдемақысының 30 пайызы балалардың жеке есепшотына аударылады. Қалған 70 пайызына балалардың киім-кешегі, санитарлық гигиеналық қажеттіліктері алып беріледі екен.
- Мұның барлығы 117-інші бұйрықпен заңды түрде, тізім жасау арқылы, талдау-талқылау арқылы жүзеге асады. Күні кеше ғана қоғамдық кеңес отырысын жасап, әр баланың жеке киіміне, жиһазына, санитарлық гигиеналық қажеттіліктеріне талдау жасадық. Құжаттарға тағайындалған комиссия мүшелері қол қойып, мақұлдаған соң ғана, сұранысқа жібереміз, - деді №3 үшінші арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Дина Оразалықызы.