15 шағын ауданда орналасқан Амфитеатр маңындағы адамдардың қалың нөпірі мерекені тойлауға барғандар үшін кедергі болмады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Наурыз мерекесі бір уақытта Маңғыстау облысының барлық аудандарында атап өтіліп жатыр.
Негізгі той облыс орталығындағы 15 шағын ауданда болды. Барлық басқармалар мен қаладағы жоғары оқу орындары, кәсіпорындардың жеке бастамасымен тігілген киіз үй қалашығы алыстан көзге түседі. 26 киіз үйден тұратын шағын ауылда конкурстық бағдарлама өткізіліп, наурыз көже мен дәмді бауырсақтармен мерекелік дастархан жайылды. Халықтың мерекелік көңіл-күйі ерекше сезіледі.
Денсаулық сақтау басқармасының киіз үйі көптің назарын бірден өзіне аударды десе де болады. Ерекше безендіруімен, қалы кілемдермен, түз аңдарының терілерімен безендірілген киіз үйді қызықтаушылар аз болмады.
Теңіз жағалауындағы киіз үй қалашығына және мерекелік концертке Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы келді. Аймақ басшысы наурыз мерекесіне орай іс-шараларды ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, көпшілікті мерекемен құттықтады.