Астанада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 16-18 желтоқсан күндері «INFOMATRICS-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарысқа 4 мемлекеттен 184 жобамен 450 оқушы қатысты.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Әлия Мұрат және 10 сынып оқушысы Фариза Ғинулла және Жаншуақ Абжетова байқаудың күміс жүлде иегерлері атанса, 11 сынып оқушысы Дильшат Ришаттың жобасы 3 орынға ие болды.
- Байқаудың негізгі мақсаты — IT саласында ғылыми зерттеушілікке қызығушылық танытатын дарынды жастарды анықтау, қолдау және дамыту, дарынды оқушылардың ғылыми-зерттеу әрекетіне негізделген жаңа жобаларды әзірлеу. Әртүрлі елдерден оқушылар мен мұғалімдерді тарту арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және шығармашылық тәжірибе алмасу,-деді жетекшілері физика пәні мұғалімі Айгерім Бимағамбетова
Жарыс ағылшын тілінде жүргізілді және алты бағыт бойынша өтті: Робототехника - FLL Challenge және Arduino Hackathon; компьютерлік бағдарламалау; компьютерлік графика және өнер; қолданбалы ғылыми жобалар; қысқаметражды фильмдер; қолданбалы математика жобалары.
Айта кетейік, білім бәйгесі елімізде 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде байқауға 20 мемлекеттен 5 000-ға жуық оқушы қатысты. Жарыстан үздік шыққан жүлдегерлер еліміздің және әлемнің беделді ЖОО гранттарына ие болып, қазіргі таңда мемлекетіміздің әр саласында видеограф, дизайнер, программист болып жұмыс істейді.