Ақтаудағы «ІТ мектеп-лицейдің» 10 сынып оқушысы Нұркен Ізбасарұлы Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «11th IYRC-International youth robotic competition» білім беру робототехникасы бойынша халықаралық жарыста «Гран При» жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен “11th IYRC-International youth robotic competition” сайысына әлемнің 20 елінен 1000-нан аса оқушы қатысқан. Нұркен Ізбасарұлы сол мың оқушының ішінен қара үзіп, Гран-При сыйлығын жеңіп алды.
"Роботрек-Ақтау" робототехника клубының жас инженері Нұркен Ізбасарұлы жарыста «Орманды құтқару» (13-18 жас) санатында басқа қатысушыларға қарағанда өз бағдарламасын жылдам әрі сапалы жасап шыққан.
«Мен робототехникамен 5 жылдан бері айналысамын. Бұл халықаралық жарыста әлбетте, қатты уайымдадым. Бірақ бәрі жақсы өтты. Маған Корея ұнады. Болашақ мамандығымды робототехника және IT - технологиямен байланысты болғандықтан, Корея мемлекетінің жоғары оқу орнына түскім келеді. Зор қолдауын білдірген жаттықтырушым мен ата-анама өз алғысымды айтамын», - деді Нұркен Ізбасарұлы.
«Бағдарламамызды бірге әзірледік. Нұркен де аздап қобалжыды. Оның үстіне қарсыластары мықты болды. Корея, Қытай, Малайзия, Таиланд, Лаос, Ресей, Қазақстан, Бразилия, Үндістан, Алжир, Израиль, Ирак, Индонезиядан мыңнан астам бала қатысты. Бірақ Нұркен тапсырманы жақсы орындап, жеңіске жетті. Біз оны жеңісімен құттықтаймыз!», - деді клубтың бас бапкері Дмитрий Куричев.