Жол қызметінің мамандары Қаражанбас кен орнында далада қалып, аязда тоңған қоқиқаз балапанын тауып алды. Олар бірден блогер Азамат Сәрсенбаевқа хабарласыпты. Ал Азамат балапанды қарауға келісімін беріп, Ақтауға келе жатқан бір отбасы балапанды көлікпен қалаға жеткізген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Қаражанбаста кішкентай ғана көлшік бар, онда қоқиқаздар да мекендейді. Ол жердегі су Қаракөлдегідей жылы емес десек те, олар бұл жерде де кездеседі. Балапан өз тобынан ажырап қалған секілді. Мүмкін қатты жел салдарынан адасып кеткен болар. Егер балапан далада қалған болса өліп қалар еді. Қызметкерлердің оны тастамай, құтқарып алғаны жақсы болған», - дейді Азамат Сәрсенбаев.
Жол қызметкерлері далада тапқан балапанды шұжықпен тамақтандырмақ болған.
«Балапанды асшаян, сәбіз және суды блендермен араластырып тамақтандырдым. Келген түні тек қана ұйықтады, ал таңертең тамақ іше бастады. Бүгін балапанды ветеринарға апарамын. Мен Қаракөлді қарап көремін, егер оның тұқымдастары сол жерде бар болса, балапанды тобына қосамын. Олай болмаса – көктемге дейін сақтауға тура келеді. Балапанды саяжайға апаруды жоспарлап отырмын», - дейді блогер.