Бүгін Ақтауда метанмен жүретін қоғамдық көліктердің таныстырылымы өтті. Жиында жаңа автобустарды отынмен қамтамасыз ететін тұңғыш метан газ құю станциясы да көрсетілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Метанмен жүретін автобустардың 30-ы қалаға 10 қараша күні келген. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бұл қоғамдық көліктер жақын күндері жолаушылар тасымалдауға кіріседі. Сондай-ақ жыл соңына дейін дәл осындай 90 көлік өңірге әкелінбек.
"Биыл өңірге 140 жаңа автобус сатып алынуда. Оның 120-сы метанмен жүреді. Аталған автобустар жолаушыларды қалалық және қала маңындағы бағыттарда тасымалдауға арналған табиғи газды мотор отыны қозғалтқыштарымен жабдықталған. Бұл қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды азайтуға және облыстағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ табиғи газ метан арқылы жүру дизель отынына қарағанда әлдеқайда арзанға түспек. Бүгін – тарихи күн. Себебі өңірімізде табиғи газды пайдаланатын автобустарды қолданысқа алғаш рет енгізудеміз. Алдағы уақытта бұл бастама коммуналдық мекеме көліктері мен ауыр жүк көліктеріне де қолданылады деп жоспардануда»,- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Жаңа автобустарда ауаны баптау жүйесі, жеті бақылау камерасы мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған аппарел де (пандус) бар.
Жаңа қоғамдық көліктер «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Акционерлік қоғамы бастамасымен, Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы әкімдіктерінің қолдауы нәтижесінде сатып алынды.
Бұдан бөлек іс-шара барысында осы автобустарды метан отынымен қамтамасыз ететін метан газ құю станциясы да таныстырылды. Қазіргі таңда станция іске қосылуға дайын. Жобаның жалпы сомасы – 600 млн. теңге.