Қала әкімінің тұрғындар алдында есеп беру кездесуінде бірнеше мәрте қоғамдық көлік тақырыбы қозғалды. Кездесуге келген халықтың басым бөлігі автобустардың аздығына, интервалдың ұзақтығына және жаңа шағын аудандарға ешқандай қоғамдық көлік бармайтынына шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- Үнемі таксимен жүруді қалтам көтере бермейді, сондықтан қалада автобус арқылы жүремін. Бізде қоғамдық көлікке қатысты мәселе көп. Мысалы №107 автобусты ұзақ күтеміз, жолаушы көп болғандықтан кейде сыймай қаламыз. Ал жоғары шағын аудандарға тіпті ешқайсысы бармайды,- деді кездесуге келген ақтаулық тұрғын.
Сонымен қатар ол № 107 маршруттағы жолсеріктің балалардан жолақыға әлі күнге дейін 70 теңге алып жатқанын да айтып өтті. Ал үкімет қаулысына сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар 35 теңге төлеуі керек.
- Осы бағыттағы қоғамдық көліктегі жолсеріктер білмейміз деп, балалардан 70 теңге алып жүр, – деді тұрғын.
Тұрғынның бұл арызына «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ басшысы Асхат Нұрмұхан жауап берді. Оның айтуынша, жақын арада облысқа 120 жаңа автобус келеді, оның 70-і қалалық маршруттарға.
- №107 автобус қаладан ауданданға қатынайды. Сондықтан ол қала әкімдігінің құзіретіне жатпайды. Дегенмен қалада автобустар мәселесі өзекті тақырып екені рас. Жақында 120 автобус келеді деп күтілуде. Оның 70-і қалалық қоғамдық көліктерге берілмек. Сол автобустардың есебінен ескілерін жаңартып, жоғарғы шағын аудандарға қатынайтын жаңа бағытта 2 маршрут қосу қарастырылуда,- деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Нұрмұхан.