Ақтауда «Морепродукты-Актау» серіктестігінде жылына 100 тоннаға жуық балық өңделеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорынның жұмысымен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев, Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев және қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері танысты.
«Морепродукты-Актау» компаниясы Ақтау қаласындағы балық өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі. Компания балық өнімдерін сатумен және өңдеумен 2003 жылдан бастап айналысады. Кәсіпорында 33 қызметкер жұмыс істейді. Ауланған балықтар цехта жуылып, өлшемі бойынша сұрыпталады. Балықтарды мұздатып өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Өңдеуге жергілікті және сырттан әкелінген балықтар қолданылады. Атап айтқанда, кәсіпорында сазан, батпақай (кефаль), қарақаптал (залом), ақсыла (жерех), дөңмаңдай (толстолобик), жайын (сом), ханбалық (форель), майшабақ (селедка), скумбрия, қаракөз (вобла), табан (лещ), эсколар (балық майы) сынды балықтар өңделеді. Өнім бастапқы процестерден өткеннен кейін, арнайы автомобильдермен қаладағы дүкендерге жіберіледі.
Тұтынушылар балықты қаланың үш сауда нүктесінен сатып ала алады:
-7 шағынаудан 40-ғимарат;
-17 шағынаудан 6-үй, «Green Plaza» ТҮК;
-31 шағынаудан Хазар базары.
«Морепродукты-Актау» ЖШС коммерциялық директоры Айбек Исембаевтың айтуынша, кәсіпорында жылына 100 тоннаға жуық балықты өңделеді.
Атап айтқанда:
-Филе, стейк - 50 тоннаға дейін.
-Тартылған балық - 15 тоннаға дейін.
-Ысталған балық - 15 тоннаға дейін.
-Кептірілген балық - 10 тонға дейін.
-Тұздалған балық(майшабақ балығы) - 20-дан 30 тоннаға дейін.
-Балықтар сыйымдылығы 200-ден 400 тоннаға дейінгі он мұздатқышта сақталады. Кәсіпорында балықты ыстайтын аппараттар, пештер және тазалауға және кесуге арналған құрал-жабдықтар бар. Дайын өнімді ұқыпты және герметикалық түрде сақтауға арналған ваакуматорлар да бар, - деді «Морепродукты-Актау» ЖШС коммерциялық директоры Айбек Исембаев.