Ақтауда ер адам аулада тұрған көліктің үстіне секірген. Оқиға 32В шағынаудандағы №8 үйдің маңында болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындар шағымын назардан тыс қалдырмаған учаскелік полиция инспекторлары бірден аталған мекенжайға барған. Ойын алаңында сусын ішіп, сосын жақын жерде тұрған көлікке секіріп, оны күшпен теуіп, кейін белгісіз затты лақтырған тұрғынның жеке басы анықталды.
"Учаскелік полиция инспекторлары дереу көрсетілген мекенжайға барып, құқық бұзушыны анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі ("Тыныштықты бұзу") бойынша хаттама толтырылды", - деді ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті азаматтардан кез келген құқық бұзушылықтың куәсі болған жағдайда тәулік бойы жұмыс істеп тұрған 102 кезекші пультіне хабарласуды ескертеді.