Ақтауда 2023 жылы 23 кабинет заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Оның ішінде химия, физика, биология, робототехника және алғашқы әскери дайындық пен қазақ тілі кабинеттері де бар, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қалалық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, биыл 20 мектепке 23 кабинетті жабдықтауға қаражат бөлінген.
- Біздің мектепте 2022 жылы химия және биология, ал 2023 жылы физика, география, технология мен робототехника кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Жаңа кабинеттерде балалардың оқуға ынтасы артып, қызығушылығы жоғарылағанын байқауға болады. Қазір оқушыларымыз түрлі жарыстарға қатысу үшін осы жерде робот жасап үйренуде. Мәселен 6-сынып оқушысы Ғибрат Темірбек «Зерде» зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалары байқауына қатысу үшін өрт сөндіруші робот жасауда,- деді №28 жалпы білім беретін мектептің директоры Нұргүл Самендирова.
Айта кетейік, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кабинеттердің басым бөлігі жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқытуға арналған.