Ақтауда 19 шағынаудандағы № 12 жер телімінде орналасқан «Crystal City» тұрғын үй кешені сүрілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде «Берекет-Ф» ЖШС тиісті ҚР сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (әрі қарай-Заң) 68-бабына сәйкес құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарын сақтамай, құрылыс нысанын салып жатқаны белгілі болды. Яғни рұқсат құжаты жоқ, жобалау-сметалық құжаттамасы бекітілмеген.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алғадай Қоштаевтың айтуынша, аталған мердігер мекемеге бір жыл бұрын құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату жөнінде нұсқама берілген. Алайда мұны құрылыс компаниясы елемеген.
- Көптеген талап арыз заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа жіберілді. Осы объектінің сот шешімі заңды күшіне енді. Бүгін сот шешімінің атқару парағы орындалып жатыр. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да объектілерді мәжбүрлеп бұзу шаралары қабылданады,- деді Алғадай Қоштаев.