Ақтау қаласында алғаш рет 25 қазан күні сағат 10:00-де жүгіруден «Aktau marathon -2022» жартылай марафоны өтеді, деп хабарлады mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Aktau marathon-2022» марафонының директоры Жақсыбай Боранбаевтың айтуынша, марафонды ұйымдастырудағы басты мақсат – өңір туризімін спорттық шаралар арқылы да дамытуға болатынын көрсету. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты спортқа баулып, жастардың қызығушылығын ояту.
-«Республика күніне» орай және Ә. Тұяқовтың 85 жылдығының қарсаңында 16 жастан жоғары ерлер мен әйелдер арасында 10 км әуесқойлар, 18 жастан жоғары 21 км қашықтықта кәсіпқойлар бақ сынайды. Маңғыстауда жүгіру мәдениетіне қызығатындар аз деп ойладық. Арнайы платформада тіркеуді бастаған кезде, Қазақстанның 12 облысынан және 4 шет мемлекеттен қатысушылар да ниет білдірді. Барлық тіркелуші саны 1000-нан асты. Нақтырақ айтқанда, Ресей , Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай мемлекеттерінен жүгірушілер қатысады. Адамдардың белсенділігі бізді қатты қуантты. 25 қазан күні сағат 10:00-15:00 аралығында теңіз жағалауындағы тас жолдар уақытша жабылатынын ескертеміз. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, - деді Жақсыбай Боранбаев.
Сонымен қатар, тіркелушілер старттық пакетті алу үшін, 24 қазан 12 ш/а 83 ғимаратқа сағат 10:00 -20:00-ге дейін жеке куәліктерімен баруы қажет. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон жеңімпаздарына арналған бағалы сыйлықтар бар. Жүгіру жарысында ерлер мен әйелдер арасында 12 орын тағайындалған. 10 км қашықтықта 3-орын-50 000 тг, 2-орын -100 000 тг, 1-орын -200 000 тг және үш орынға да смартфон сыйлыққа беріледі. Дәл осындай 21 км қашықтықта «Vivо» телефонымен, 1 орын -300 000 тг, 2 орын-150 000 тг, 3 орын - 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы алмақ.
Айта кетейік, Әмин Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойына орай, 26 қазан күні сағат 11:00-де Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде студенттерге арналған шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сағат 17:00-де «Достық» үйінде «Дүниені дүбірлеткен дарабоз» тақырыбында кеш және пайдаланған бұйымдарымен алғаш жарыстарға киген киімдерінің көрмесі мен «Әмин Тұяқов» кітабының тұсаукесері кесіледі.