Ақтауда Республика күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Абай атындағы мәдениет үйіндегі салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көпшілікті Республика күнімен құттықтады.
- Баршаңызды айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күн ұлттық мерекелер тізбесіне еніп, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, елдің егемендігі, тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Бұл атаулы күн ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, осы жолдағы жанқиярлық күресінің ақиқатқа айналған күні. Мемлекет басшысының осы күнді қайта жаңғыртуы үлкен мән-мағынаға ие. Соның бірі - осы дата арқылы ел тарихын жас ұрпаққа насихаттау. Қазір мемлекет басшысының бастамасымен елде әлемдік деңгейдегі шаралар өтуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы елде қоғам болып оң саясатты жүргізе отырып, бірлік пен ынтымақтастықты ту етіп, әлемдегі үздік жетістіктерді алуымыз қажеттігін айтты. Бүгінде Президенттің берген тапсырмасына сәйкес, аймақта барлық салада оң нәтижелер іске асуда. Бұл - барлығыңыздың еңбектеріңіздің ортақ жемісі. Осы орайда, еліміздің әл-ауқаты күн сайын артып, әр шаңырақта бейбітшілік пен бақыт салтанат құрсын дегім келеді. Мереке күні баршаңыздың отбасыларыңызға амандық-саулық, құт-береке тілеймін. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеу жолында жасап жатқан игілікті істеріңіз жемісті болсын. Ертеңгі күнге сеніммен қарап, бейбіт өмірде бақуатты ғұмыр кешіп, ырыс-несібе мен құт-берекеміз молая берсін, - деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.
13 жылдан бері елімізде алғаш рет мемлекеттік деңгейде тойланып жатқан атаулы күнге байланысты Маңғыстау облысы бойынша түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген үздіктерге мемлекеттік наградалар табысталды. Өңір басшысы мемлекеттік және қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға белсене араласып, еңбегі еленген маңғыстаулық бірнеше азаматты ІІ дәрежелі “Айбын”, “Шапағат”, “Құрмет”, “Парасат”, “Еңбек ері” т.б мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мерекелік жиын Маңғыстау облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.