Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті XI сессиясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, қалалық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде Ақтау қаласы бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеменің мөлшерін төмендету, 2024 жылға Ақтау қаласы бойынша шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту мәселесі қаралды.
Сонымен қатар, отырыста қаладағы автокөлік жолдарын жөндеу мәселесі қозғалды. Жиында қала әкімі Ұлықбек Тінәлиев автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемеге қатаң талаптар қою керегін айтты.
- Қазіргі таңда қаладағы автокөлік жолдарының жөндеу мәселесі қатаң қолға алынды. Мамандардың айтуынша, шұңқыр жолдарды жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін ауа райы бірнеше күн қатарынан +10 градустан төмен болмауы қажет. Дегенмен біз мердігер компанияға қатаң талаптар қоюымыз керек. Жолдардағы шұңқырды жөндеу жұмыстарына қажетті техниканың жұмылдырылуын қамтамасыз ету қажет, - деді Ұлықбек Тінәлиев.